24
март
2020
Мұхтар Арын: НАУРЫЗДАН НАУРЫЗҒА дейін немесе календарь туралы бірер сөз

Мұхтар Арын: НАУРЫЗДАН НАУРЫЗҒА дейін немесе календарь туралы бірер сөз
(мақала 1995 жылы жазылған)
Адам баласы ықылым заманнан уақытты терең сезінген. Уақыттың табиғи көріністерін өз өмірінің өлшемдері ретінде пайдаланып, шаруашылығын, күнкөрісін де соған бейімдей білген. Күндіз, түн, көктем, жаз, қыс сияқты табиғат ұсынған көріністерді уақыт өлшеміне айналдырған.
Алғашқы табиғи өлшемдер – күн мен түн. Одан кейінгісі - ай. Ай жаңа туып, бір сызық болып қана пайда болады. Уақыт пен өмірді ұштастыра отырып, ай туғанда оған үмітпен қарап, "Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқай гөр" деп тілек білдіріп жататыны да осыдан. "Ширек ай", "толған ай", "өлара" дегендерді қазақ бостан босқа айтпаған.
Уақыттың табиғи өлшемдерімен қатар халықтың өзі ойлап тапқан өлшемдер де шыға бастаған. "Сүт пісірім уақыт", "бие сауым уақыт", "тары қуырым уақыт", "күн құрық бойы көтерілгенде", "күн еңкейгенде", "күн арқан бойы көтерілгенде" - осының бәрі қазақтың өз қиялынан шыққан халықтық өлшемдер.
Жалпы уақыт туралы ғылым "хронология" (көне грек тілінен) деп аталады. Мұндағы "хронос" - "уақыт", "логос" - "ілім" деген сөз. Тәулік, сағат, минут, секунд сияқты уақыт өлшемдері де осы ғылымның туындылары. "Минут" латыншадан аударсақ, "кіші бөлшек" деген ұғымды, "секунд" "екінші", яғни "екінші кіші бөлшек" дегенді білдіреді.
Өркениетті ел боламыз десек, халықаралық терминдерден қашпауымыз керек. Бұл – дүниежүзілік рухани байлықтың бір бөлшегі.
"Календарь" - латыншадан аударғанда "айдың басы" деген сөз. Көне Рим елінде айдың басында салық жинап, оны тізетін кітапты "календариум" деп атайды екен. Осы сөз бүгінгі "календарь" сөзінің төркіні.
Астрономдар Жердің, Күннің айналып шығу мерзімі 365 күн 6 сағат екенін анықтап, осыдан әрбір төрт жылда бір тәулік құралып, жылға қосылып отыратын болған. Осыдан келіп февраль айы 29 күнге толып, жыл "высокосный" деп аталған. Мұның өзі латынның "бис секстусы" славян елдерінде "високос" түрінде қабылданып, күні бүгінге дейін сол қалпында қолданылып келеді. Бүгінгі қазақ тілінде орыстың "високосы" да емес, арабтың "кәбісесі" де емес, латынның "бис секстусы" қолданылса дұрыс болар еді. Сөздің түпслабовидящихн бұзбай қолдану оның төркінін тез түсінуге ыңғайлы. Демек, 1996 жыл – бис секстус жылы десек қателеспейміз. Осындай ойды халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі Халел Досмұхамедов те өз кезінде атап көрсеткен екен.
Жалпы "жыл" деген сөздің этимологиясын венгрдің атақты түркологы Г.Вамбери көне түркі тілінің "иілу" деген етістігімен байланыстырады, мұнда уақыттың бір нүктеден шығып, қайтадан соған иіліп оралуын бір "йыл" деп түсіндіреді.
Мәдениетімізді ұлттық негізде дамытуға бет бұрып отырғанда ата-бабаларымыздың көптеген маңызы бар дәстүрлерін халықтың игілігіне жаратуға ұмтылып жатырмыз. Солардың бірі – Наурыз тойы. Мұны Шығыс халқына тән той, жаңа жыл тойы дейміз. Жаңа жыл ұғымы бізге таныс. Бірақ, Наурыздың Жаңа жыл ретінде өзіне тән ерекшеліктері бар. 1-қаңтардан басталатын Жаңа жылдың табиғатпен ешқандай байланысы жоқ. Бұл – христиан дінінің бастамасымен өмірге жасанды түрде енгізілген Жаңа жыл. Наурыз болса, күн мен түннің теңелген күні. Сонымен қатар жаңарудың, көгеріп-көктеудің, өсіп-өнудің басы. Демек, табиғаттың өзі ұсынып отырған Жаңа жыл. Көктемге қарай табиғат пен адамның жаңару, түлеу кезеңі басталады. Бұл кезде адамның жан дүниесі мен табиғаттың тылсым сырының іштей үндестігі бар сияқты.
"Наурыз" парсының сөзі, қазақша аудармасы – "жаңа күн". Бүгінгі қолданылып жүрген календарьдың 22 марты жаңа күн немесе Жаңа жылдың бірінші күні. Демес, парсы календары бойынша наурыз айының бірінші жұлдызы болып саналады. Парсы календарында әрқайсысында 30 күннен 12 ай бар. Сонда бір жылда 360 күн он екі айға бөлініп, қалған бес күні – марттың 17-сі мен 22-сінің аралығы, "бесқонақ" деп аталады. Мұның мәнісі ешбір айға енбейтін, жалпы жылға қонақ күндер деп түсіндіріледі.
Жалпы календарь жүйесі туралы мағлұмат алу кім үшін де артық болмайды. Қазіргі біздің пайдаланып жүрген календарымызды "григориан календары" дейді. Бұл календарьдың алғашқы слабовидящихн "юлиан календары" деп атаған. Жыл санау дәстүрі - көне дәстүр. Ерте заманда көптеген өркениетті елдер өздерінің жыл санау жүйесін ойлап тапқан. Бірақ, бұл тәсілдер әрқилы болғандықтан, олардың календары да әртүрлі болып шыққан.
Алғашқы біртұтас календарь Рим империясының атақты әскери қолбасшысы, императоры Юлий Цезарьдың бастамасымен жасалып, кейінірек сол кісінің атымен "юлиан календары" деп аталып кеткен. Біздің эрамыздың 563 жылы Римдегі христиан діни ордасы Ватиканның оқымыстылары және басқа да математик-астрономдар юлиан календары бойынша жыл санау Иисус Христостың дүниеге келуінен басталады деп тұжырымдаған. Осыған байланысты бұл календарь діни мағынаға ие болып, Жаңа жыл қарсаңы Иса пайғамбардың туған күні деп тойланатын болды.
1582 жылы Ватиканның сол кездегі папасы Григорий XIII астрономдардың ғылыми негізде дәлелдеген, табиғи уақыт пен календарлық уақыттың алшақтығын ескеріп, жаңа календарь жасады. Бұл "григориан календары" деп аталып кетті. Әдетте, юлиан календарын "ескі санат", григориан календарын "жаңа санат" деп атайды. Екеуінің айырмашылығы – 13 күн. Мысалы, григориан календары бойынша Жаңа жыл 1 қаңтарға, ал юлиан календары бойынша 14 қаңтарға сәйкес келеді. Бұлар - күн календарлары.
Ислам әлемінде қолданылатын календарь "Хиджра" деп аталады. Бұл – ай календары. "Хиджра" деген сөз арабшадан "қашып, қоныс аудару" болып тәржімеленеді. Пайғамбарымыз григориан календары бойынша есептегенде 622 жылы, араб календарындағы мүһаррам деп аталатын айдың 16-жұлдызында, жұма күні Меккеден Мәдинаға баруға мәжбүр болған екен. Мәдиналықтар пайғамбарды құшақ жая қарсы алып, ислам дінін қабылдаған көрінеді. Сондықтан, мүһаррам айы хиджра календарында бірінші ай, жұма күні ислам әлемінде қасиетті күн болып саналады. Ай календары бойынша он екі айда 354 күн бар. Сондықтан әрбір ай сайын он бір күнге ауысып келіп отырады. Соның салдарынан хиджра айлары біздің жыл мезгілімізді тұрақты көрсетіп отыруға жарамайды. Мысалы, рамазан (ораза) айы жылдың әр түрлі мезгілінде келіп тұратыны осы себептен.
Араб айларының аттарын біліп қойған мұсылман қауымына артық болмайды. Олар: мүһаррам, сафар, рабиғүл-әл-аууал, рабиғүл-әс-сәни, жүмада-әл-ахира, ражаб, шағбан, рамадан, шэууал, зү-льижжа. Биыл мүһаррам айы григорианның июнь-июль айына сәйкес келіп, хиджра бойынша 1415 жыл кіреді.
Григориан календарындағы ай аттары бізге үйреншікті болып кетті. Дегенмен олардың мағыналарын да білген жөн. Осыған орай, январь маңдай жағында да, желке жағында да беті бар Янус атты құдайдың есімімен байланысты. Өткен жылды да, жаңа жылды да көріп, шолып, баға беріп, мақсат қою идеясынан туған болуы керек. Сол сияқты жер асты қазынасының қамқоршы құдайы феврарус, соғыс құдайы Марс, көгеріп-көктеудің құдайы Майя, өнім байлығының құдайы Юнона есімдерімен аталған айларды тану қиын емес. Апрель айы – құдай аты емес, "гүлдену" сөзімен байланысты. Жетінші, сезінші айлар календарьға Юлий Цезарьдың жиен немере інісі Октавиан Август императордың кезінде енгізілген. Бұл кісі өзінің ағасының атын жетінші айға, өз атын сегізінші айға бере отырып, екеуін де ең көп санды 31 күндік ай жасаған. Сентябрь, октябрь, ноябрь, декабрь айларының аттары латынның "жетінші", "сегізінші", "тоғызыншы", "оныншы" деген сөздерін білдіреді. Бірақ, алдыңғы екі императордың атымен аталған айлар соңғы төрт айдың сандық және реттік мағыналарының арасында алшақтық енгізіп тұр.
Ана тілімізбен қауышып жатқан кезде өз тіліміздегі ай атауларын білу парыз. Біздің ойымызша, он екі айдың екеуінің аты (наурыз, шілде) парсы сөздері де, қалғандары түркі сөздері. "Чіл" сөзі парсыдан қазақшаға "қырық" болып аударылады. "Қырық күн шілде", "шілдехана" деген сөздер жаңағы "қырық" деген мағынаға байланысты. Парсылар жаздағы ыстық уақыттың қырық күні мен қыстағы суық уақыттың қырық күнін "шілде күндері" деп есептеп, оларды ауа-райын болжайтұғын құрал ретінде пайдаланған екен. Шілдехана дүниеге келген нәрестені қырқынан шығарғанға дейінгі кезең. Көнекөз ақсақалдарымыз, білімдар ұстаздарымыз ай атауларының мағыналарын айналасына түсіндіре жүргені жөн. Бұл аса қиын іс емес. Қазан айының аталуын әркімдер әр түрлі топшылайды. Біздің ойымызша, бұл ерекше күшті, дүлей желдің аты сияқты. Халықтың "Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан" деп отырғаны осыған мегзеп тұрғандай. Әр жүз жылда табиғаттың бір апат, дүлей құбылысы болуы, ол Жерді өзгертуге дейін апаруы мүмкін.
Жылдың он екі айын төрт тоқсанға бөліп, әр тоқсанның бір жыл мезгіліне сәйкес келетінін қазақ халқы да түсініп, өздерінің әлеуметтік өміріне пайдаланған. Ұлы ғалым Ахмет ақсақал Байтұрсын жыл мезгілдерін «қыстоқсан», "жазтоқсан", "шілдетоқсан", "желтоқсан"деп аталғанын айтыпты. Бұл атауларда үлкен мағына бар.
Бір жылда ай санының он екі болуы тегін емес. Бұл "зодиак" деп аталатын он екі шоқжұлдыздың санына байланысты. Сондықтан әр шоқжұлдыз бір айға сәйкес келеді. "Зодиак" көне грек тілінің "зоон" яғни "хайуан" деген сөзімен байланысты. "Зоопарк" деген сөздің бірінші түбірі де осы мағынаны білдіреді. Он екі шоқжұлдыз атаулары хайуанаттармен таңбаланған. Осы атаулардың арабша, қазақша, орысша баламалары күнделікті өмірімізде кездесетін болып жүр. Олар: хамал-тоқты-овен, сәуір-торпақ-телец, жәуза-егіз-близнецы,сарата
Бірер ауыз сөз ешкімүйіз туралы. Біздің жаңа елтаңбамызда ешкімүйіз бейнеленген. Бұл жерде "мүйіз неге аттың басында тұр?" деген сұрақ осы күнге дейін қойылып келеді. Символика сырын тікелей түсінуге болмайды. Оның астарына үңіле білу керек. Ешкімүйіз шоқжұлдызы желтоқсан айына сәйкес келеді. Желтоқсан оқиғасы халқымыздың тарихында елеулі орын алары сөзсіз. Ал ат, шаңырақ – ол өзіміздің әлеуметтік өмірімізде, ұлттық психологиямызда терең ұялаған ұғымдар. "Аттың басында мүйіз тұр" деп сескенудің қажеті жоқ. Көне Рим елінде "кентавр" деп аталатұғын, денесі жылқы, басы адам символика бар. Мұндағы идея – адам өз-өзіне қызмет қылып, өз-өзін басқарып, өмір сүрсе деген ізгі тілек. Бәрімізге мәлім "кит" сөзі арабтың "хүт"деген сөзінен туындалғанын біліп қойған дұрыс.
Қазақтың уақыт санатындағы ерекше бір орын алатын өлшемдік құрал – мүшел. Мүшел уақыт есебі ретінде әдетте адамның жасына байланысты қолданылады. "Біз бұл жерге мүшел бұрын көшіп келдік" деп айтпайды. "Мүшеліңіз құтты болсын", "жеті мүшел жасағанның жаны пейіште болады", "бірінші мүшел – балалық шақ", "екінші мүшел – есейіп, қалыптасу шақ" деп адамның жас ерекшелігін сипаттап жатады. "Мүшел" сөзі көне түркі тілінің "мыш"("алтымыш", "жетімыш"), бізше "он" деген ұғымы мен "йыл", яғни "жыл" ұғымының қосылуынан туындап тұр. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, ертеде бір мүшелде он жыл болған екен. Кейінірек, он екі шоқжұлдыздың зерттелуімен байланысты мүшелге қосымша екі жыл енген көрінеді. Екінші бір пайымдау бойынша, бұл сөздің бірінші түбірі парсының "муш", яғни "тышқан" деген сөзінен, ал екінші түбірі әлгінде айтылған "йыл", яғни "жыл" сөзінен құралған. Біздің ойымызша, бірінші пайымдау дұрысырақ сияқты.
Қазақта бірінші мүшелді он үш жылдан қайырады. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, қазақ үшін баласы жылдың бірінші күні туды ма, соңғы күні туды ма – бәрібір. Екіншіден, жалғыз қазақ емес, бүкіл Шығыс халқы ананың құрсағындағы тоғыз айды да бір жылға санайды. Сондықтан алғашқы мүшел он үш жылдан тұрады. Қалғандары он екі жылдан өз ретімен келе береді.
Зодиактың он екі шоқжұлдыздары тәрізді он екі жыл да хайуандар аттарымен таңбаланады. Мұның алтауы – домжануары да, алтауы хайуан (қоянды жабайыға санайды).
Тағы бір уақыт өлшемі – апта ұғымына қатысты. «Апта» парсыдан қазақшаға «жеті» болып аударылады. Бір аптада жеті күннің болуы аспан әлемімен байланысты. Күн, Ай, Марс, Меркурий, Юпитер, Венера, Сатурн секілді адамның көзіне көрініп тұрған аспан денелері жеті күнге негіз болған. Кейбір елдердің күн атауларында бұл қағида жақсы сақталған. Мысалы, немістің "зонтаг" сөзі қазақшаға "күн күні", "мотаг" - "ай күні" болып аударылады. Біз қолданып жүрген апталық күн аттары негізінен парсы сөздері. Мысалы, "жексенбі" парсының «иек шәмбе», яғни "бірінші күн", "сейсенбі" - "се шэмбе", яғни "үшінші күн", "сәрсенбі" - "чәьар шәмбе", яғни "төртінші күн", "бейсенбі" -"пенд шәмбе", яғни «бесінші күн». Келесі күннің аты "жұма" - араб сөзі. Арабтың "джәм" деген сөзі қазақша "жиын, жиылу" деген ұғымды білдіреді. Біз қолданып жүрген "жәмиғат" сөзі осы "жұма" сөзімен түбірлес. Жетінші күннің аты жәй ғана "шэмбе" немесе "апта" - "сенбі".
Осы атаулардағы "иек" (бір) және "чаъар" (төрт) сөздеріне тоқталып өткен жөн. Өзімізге таныс "әпитөк" сөзі парсының "апта" және "иек" деген екі сөзінен құралып, "жетіден бір" деген мағынаны білдіреді. Ал "ширек" - "чаъар", "иек" деген сөздерден құралып, "төрттен бір" мағынасын береді. Тілімізде жиі қолданылатын "шартарап" парсының "чаһар", "тарап" сөздерінен тұрады да, "төрт жақ" деге ұғымды білдіреді. Қаланы біз басқаша "шаһар" деп атаймыз. Көне Иран елінде қала төрт бұрышты болып саналады екен. "Шарайна" - төрт жақты түгел қамти бейнелеу деген мағынаны білдіреді.
Жыл атауларын, ай атауларын, апта күндерінің атауларын тізбелеп жатқандағы мақсатымыз –Наурыз қайтып оралған сайын пайда болатын қызығушылыққа байланысты. Осы орайда Наурызды қалай пайдалануға болар еді. Екі мақсатта пайдаланған орынды деп есептеймін. Біріншіден, табиғи Жаңа жыл ретінде, ата-бабамыздың Жаңа жылы деп сенуіміз керек. Табиғи деп отырғаным, бұл жаңару кезеңі. Шығыс елдерінде Жаңа жылға бір күн қалғанда бүкіл жыл бойына жиналған күл-қоқыстардан құтылады. Бұл заттық қана мағынада емес, имандылық жағынан да түйсінуді тілейді. Бойдағы қайғы-қасірет, күнә, жаман қылықтар, кемшіліктер «құдай-ай, тазарта гөр» деген игі тілекпен, күл-қоқыспен бірге шығарылып тасталмақ. Мұның өзі – ауқымы кең дүние, адамның ішкі табиғатымен байланысты. «Мен де табиғатша түлеймін, жаңарамын» дегенді білдіреді. Екіншіден, той тойлаумен бірге болса, соны жаңартуға болмайтындығын ескере отырып, терең тәрбиелік құны бар әдет-ғұрыпты, салт-санамызды халықтың көз алдына қайтадан келтіру мақсаты алға қойылуы керек. Бұл жағына көңілді көбірек бөліп, жаңару, түзеу дегенді ұмыт қалдырсақ, түптің түбінде Наурыздың Жаңа жылдық қасиетінен айырылып қалуымыз да ғажап емес. Ескінің көзін көрсеткеннің еш айыбы жоқ. Дегенмен мұндайда, әттең, қазақ ыдыстарының мұражайы болса, оның даму сатысын көрсетіп қойса дейсің.
Бір айта кететін жайт – той өткіземіз, маңайды думанға бөлейміз, кейде осынымыз әлдекімдерге ұнамай жатады. Бірақ біз бұған шыдамдылық таныта отырып, жұмысты жалғастыра береміз, бұл жолда үнемі ойда тұруға тиіс мақсат сол – ол танымға бағытталуы керек. Бұл үлкен ұғым. Ең бірінші – өзіңді өзің тану. Өзіңді өзің танымасаң, басқа біреуді тануға құштарлығыңның қажеті де жоқ. Өзіңді танып алған соң барып, «маған қосымша мынадай керек, ол басқада бар ма екен өзі?» дей аласың. Наурыз тойын өткізгенде құр ән салу, би билеумен шектелуге болмайды. Кім нені біледі? Білмесе білдіретіндей етіп, Наурыздың төңірегінде толып жатқан дүниетанымдық сайыстар өткізілуі керек.
Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарханның көк тасы еритін күн» деуімізге себеп – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің бағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары да жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе,оны өлімге бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн бұл.
Биылғы жыл – халықаралық отбасы жылы. Қазақ «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді. Ағайын-туған, жекжат-жұрағатпен табысып, құтты болсын айтып жатса, қандай! Көңілдегі кірбің, ұсақ-түйек реніштің бәрінен құтылатын күн де осы күн. «Жақсының кегі – шайы орамал кепкенше» деп халқымыз бекер айтпаған. Отбасының тойы болғаны дұрыс дейміз. Әр үйдің өзінің дастарханы жайылса, шаңырақ мерекесіне айналса.
( Мұхтар Ғалиұлы Арын - Ақтөбе педагогикалық институтының (қазіргі Жұбанов университеті)1983-1995жж. ректоры қызметін атқарған, филология ғылымдарының докторы, профессор. Халық арасында ұлт ұстазы атанған абзал жанның қысқа ғұмырында жазып кеткен тәрбие туралы тағлымдарға арнаған жазбалары мол. Соның бірі - жоғарыдағы мақала. Ерек ойларынан ұлтжандылық сезім есіп тұр. Оқып, көңілге түюге қажет құны қымбат дүние.